Аңдатпа
Қырық парыз – Орта Азия елдерінде қалыптасқан Ислам дінінің негізгі міндеттері мен шарттарын қамтитын діни-танымдық түсінік. Бұл ұғым, әсіресе қазақ, өзбек, қырғыз, татар сынды елдерде кең тараған.
Бұл мақалада қазақ халқының діни дүниетанымында кеңінен тараған «қырық парыз» ұғымы мен оның әдебиет пен мәдениеттегі орны талданады. Авторлар Орта Азия халықтарына ортақ бұл діни-дидактикалық жүйенің тарихи қалыптасуына тоқталып, оның діни мәтіндердегі, халық ауыз әдебиетіндегі және жеке ақындар шығармашылығындағы көріністерін саралайды. Әсіресе Балмағамбет Балқыбайұлының «Қырық парыз баяны» атты өлеңі негізгі зерттеу нысаны ретінде алынған. Ақын халық арасында «сары молда» деген атпен белгілі болып, діни-танымдық мазмұндағы мұра қалдырған. Оның шығармашылығы тоталитарлық жүйе тұсында кеңінен таралмаса да, тәуелсіздік кезеңінде қайта жарияланып, ғылыми айналымға енді. Мақалада «қырық парыз» ұғымының исламдық негіздері, яғни иман шарттары, ислам парыздары, намаз, дәрет, ғұсыл, тәйәммум сияқты ғибадаттар мен әйелдерге қатысты діни міндеттер жүйелі түрде талданады. Балқыбайұлының өлеңіндегі діни мазмұн Құран аяттары мен хадистер, сондай-ақ ханафи мәзһабының классикалық еңбектерімен салыстырыла отырып түсіндіріледі. Сонымен қатар мәтіндегі араб-парсы текті терминдерге лексикалық-семантикалық талдау жасалып, олардың қазақ тіліндегі орны мен қолданысы ашылады. Авторлар қолданған әдіс-тәсілдер қатарында тарихи-салыстырмалы, филологиялық, теологиялық, лексикалық және педагогикалық талдау бар. Бұл тәсілдер өлеңнің мазмұнын жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижесінде «қырық парыз» ұғымы тек діни практиканың құралы ғана емес, сонымен бірге халықтың дүниетанымын қалыптастырған мәдени-рухани феномен екені анықталды. Мақалада қазақ ақындарының діни шығармалары халықтың діни санасын қалыптастыруда, діни сауатты ұрпақ тәрбиелеуде ерекше рөл атқарғаны көрсетілді. Бұл зерттеу қазіргі діни-ағартушылық дәстүрлерді тарихи тұрғыдан түсінуге және қазақ әдебиетіндегі діни поэзияның ерекшелігін айқындауға септігін тигізеді. «Қырық парыз баяны» сияқты шығармаларды талдау діни-мәдени мұраны жаңаша бағалауға мүмкіндік береді.


