Аңдатпа
Мақалада логика ілімінің шығу тарихы мен ислам әлеміндегі логика ілімі қарастырылады. Логика ойлаудың заңдылықтарын зерттейтін сала ретінде ғылымда алатын орны ерекше. Зерттеудің мақсаты, мұсылман ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, ислам әлеміндегі логиканың қалыптасу және даму ерекшеліктерін анықтау. Мақалада логиканың ислам әлеміне антикалық грек философиясы, яғни Аристотель еңбектерін аударумен енуі және ислам ғалымдары тарапынан жүйеленуі мәселелері қарастырылады. Авторлар салыстырмалы әдісті қолдану арқылы Аристотель, әл-Ғазали еңбектеріндегі логика іліміне тоқталып, аталмыш тақырыпты жан-жақты талдайды. Осылайша олардың өзіндік ерекшеліктері айқындалады. Сондай-ақ, мантық, нутқ сөздерінің түсіндірмелерін ашып, логикамен байланысын зерттейді. Құран аяттары, хадис және логика туралы классикалық ислам еңбектерінің негізінде исламдағы рационалды ойлау мен дәлелді пікір қалыптастыру тәсілдерін зерттеуде герменевтикалық әдіс қолданылады. Логика ілімінің өнер (әдіс) қыры айқындалады, платоншылар, перепатетиктер, стоиктердің логика туралы көзқарастарын мысал ретінде келтіреді. Сонымен қатар, логика ілімі мен дін ілімдерінің арақатынасы, логика ілімін зерттеудегі қарсылықтар мен оның себептері сараланады. Логиканың қазіргі діни немесе діни-философиялық мәселелер үшін ғылыми және практикалық маңыздылығы негізделеді.


