Аңдатпа
Мақалада түркілердің көне құқықтық жүйесі мен этикалық нормалары зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Тарихтан мәлім – көне түркілер Еуразия құрлығында Ғұн қағанаты және Көк Түрік қағанаты, Қыпшақ бірлестіктері секілді алып империяларды құрған. Олар көшпелі ғұмырға тән қоғамдық қатынастарды реттеген өзіндік құқықтық жүйесі мен әдеп нормаларын қалыптастырды. Одан бертінде ХІІІ ғасырда Шыңғысхан құрған Моңғол империясының құқықтық жүйесі мен моральдық құндылықтары көне түркілер негізін салған құқықтық жол-жораның заңды жалғасы еді. Тіпті, XV ғасырда Жошы ұлысының қара шаңырағында құрылған Қазақ хандығының да құқықтық жүйесінің тұма-бастауында осы көне түркілердің құқықтық жүйесі мен этикалық нормалары тұрған болатын. Ғасырлар бойы өзінің мәнін жоғалтпаған осы көне түркі заңдары мен әдеп нормалары несімен ерекшеленеді? Осы зерттеуімізде бұл тақырыпты жан-жақты ашып көрсету үшін көне түркілердің «Төре» заңы, «Бітік» заңы», «Ясама» заңы, «Ұлы Яса» заңы секілді құқықтық актілеріне талдау жасалынады. Атап айтар болсақ, Ғұн қағанаты дәуірінде дүниеге келді деп есептелінетін «Төре» заңы туралы зерттеушілер келтірген мәліметтерді ғылыми сараптаудан өтеді. Сонымен қатар, Көк Түрік қағанаты дәуірінде ортаға шыққан «Бітік» заңы туралы да там-тұм деректер талқыланады. Түркілердің Ислам дінін қабылдаған Қарақан дәуірінде дүниеге келген «Ясама» құқығының да ерекшеліктері сөз болады. Тәңір сенімі мен Ислам мәдениетінің тоғысуымен ортаға шыққан аталған заңнаманың кейбір нормалары жеке-жеке талқыланады. Түркілердің тарихта із қалдырған ұлы заңнамаларының бірі Шыңғысханның «Ұлы Ясасы» екені белгілі. Осы заңнаманың тарихшы Березин келтірген нұсқасын мақаламызда бере отырып, оның негізгі ерекшеліктерін жан-жақты талдап көрсетеміз. Сондай-ақ, түркі даласына саяхат жасаған араб және парсы жиһангездерінің көшпелілер туралы пайымдауларын, әсіресе олардың мінез-құлқына қатысты берген бағаларын да зерттеуімізге арқау еттік. Осы арқылы көне түркілердің әдеп негіздері, этикалық нормаларын ашып көрсеттік. Ерекше тоқталатын жайт, көне түркілердің этикалық құндылықтарын жаза нормалары арқылы анықтауға болады. Себебі, көне түркілер қылмыс пен аморальдік жайттерді бір- бірінен ажыратып жатпаған. Әдепсіз істерді де қылмыс санаған. Зерттеу қорытысында бүгінгі Қазақ халқының әдет-ғұрып нормаларының негіздері көне түркілердің «Төре», «Бітік», «Ясама», «Ұлы Яса» заңдарынан бастау алатындығына көз жеткізіледі. Сайып келгенде, түркілік құқықтық мәдениет пен мұсылмандық құндылықтардың синкретті көрінісі ретінде қазақ халқының болмыс-бітімі негізге алынады. Яғни, Қазақ хандығы дәуірінде дүниеге келген «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз- Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді заңнамалар көшпелі ғұмыр кешкен ұлтымыздың тарихи тәжірибесінің негізінде бүр жарып шыққан хартиялар болатын. Әлбетте, Қазақ халқының бірнеше ғасыр бойы басынан кешірген аталған тарихи процессте көне түркілік және мұсылмандық құндылықтардың интеграциясы орын алған деп тұжырымдаймыз. Бұл ұлттық бітім-болмысымыздың түп-негізін (генизисін) анықтауда аса маңызды индекатор, сондай-ақ, тарихи процесстердің нәтижесі нені тудырғанын білдіретін дербес ғылыми байлам.


