Аңдатпа
Мақалада Құран аяттарының мақсатын дұрыс интерпретациялауда стилистика ілімінің орны баяндалады. Тілдік тұрғыда мұғжизалығымен лингвистика ғалымдарын тамсандырған Құран мәтінінің құндылықтары айшықталады. Ислам дінінің негізгі қайнары – Құран араб тілінде түсіріліп, араб тілінде сақталғандықтан, араб лингвистика заңдылықтарының әсер етуі тиісті құбылыс. Осы себепті исламтанушыларға Құранның нәзік тұсын түсіну үшін стилистика пәнін білудің маңызы дәлелденді. Әсіресе Құран аяттарындағы антропомерфистік, құқықтық үкімдерді түсінуде араб лингвистикалық ерекшеліктерін білу қажет. Араб тіл білімі мен исламтану пәндері тығыз байланысты. Соңғы отыз жыл аясында діни-саяси топтың Құран аяттарын өз мақсаттарына сай интерпретациялап, араб тілін білмейтін қара халықты адастырып, қоғамда діни алауыздық белең алды. Діни бірегейлікті жандандыруға бағытталған ұмтылыстардың аясында қоғамдық талқыға салынған басты мәселелердің бірі Құран мәтіндерін дұрыс түсіндіру күн тәртібіміздің бірінші кезегінде болды. Дәстүрлі діни тағылымдарды қоғамға сіңіру бастамалары қолға алынды. Осы бағытта Құран мақсатын дұрыс түсінуде лингво- семантикалық, риторикалық тұрғыда талданды. Сондай-ақ стилистиканың ташбиһ, мажаз мурсал, истиара, киная категорияларын талдау маңызды екендігі тұжырымдалды. Қазақ тіл білімі мен араб тіл білімінің тілдік көркемдік өрнектері компаративистикалық әдісте қарастырылды.


