Аңдатпа
Қазақ тіліндегі кірме сөздер, соның ішінде араб, парсы тілдерінен енген сөздер отандық ғылымда кеңінен зерттелді деуге болады. Ал араб тіліндегі түркизмдер, яғни түркі тілдерінен енген кірме сөздер – отандық ғалымдар тарапынан зерттелмеген салалардың бірі. Біз бұл мақалада Мысыр мен Шамға, Хижазға 1260-1277 жылдары аралығында 17 жыл билік жүргізген, қыпшақ даласынан шыққан Байбарыс сұлтанның өмір жолын баян ететін, араб ауыз әдебиетіндегі көрнекті шығармалардың бірі «Заһир Байбарыстың өмірбаяны» атты халық романындағы түркі кірме сөздерін қарастыратын боламыз.
Бұл романның таңдалу себебі шығармада мысыр диалектісі көбірек қолданылған. Ал кірме сөздер араб әдеби тіліндегі шығармалардан гөрі, араб диалектілерінде, халықтың ауыз-екі тілдерінде жазылған шығармаларда көбірек қолданылады. Сонымен қатар бұл шығарма – бірнеше тілге аударылғанымен, аз зерттелген еңбектердің бірі. Шығармадағы түркі кірме сөздерін қарастыру арқылы көрші халықтардың араб елдеріне, араб тіліне әсері қаншалықты дәрежеде болғанын анықтауға болады. Бұл зерттеу жұмысының маңыздылығын көрсетеді.


