Аңдатпа
Аңдатпа. Мақалада Қазақстандағы баптизмнің миссионерлік іс-әрекетінің діни-социологиялық ерекшеліктері жүйелі түрде талданады. Евангельдік христиан баптистерінің (ЕХБ) қызметі тәуелсіздік жылдарынан бері өзгермелі діни ахуал жағдайында жаңа стратегиялар мен әлеуметтік формаларды қалыптастырды. Зерттеу мақсаты – осы діни бағыт өкілдерінің қоғамдағы орны, миссионерлік қызметінің әдістері және құқықтық ортаға бейімделу тетіктерін анықтау. Автор тарихи шолу, контент-талдау, салыстырмалы талдау және эмпирикалық деректерді саралау тәсілдерін қолдана отырып, баптистік қозғалыстың институционалдық трансформациясын сипаттайды. Жұмыста жастармен мақсатты жұмыстың құрылымдық үлгілері, оның ішінде Библиялық лагерьлер, теологиялық курстар, AWANA секілді халықаралық бағдарламалардың қолданылу тәжірибесі қарастырылады. ЕХБ қауымдары жастарды тарту мен тәрбиелеуде заманауи педагогикалық әдістер мен әлеуметтік миссияны ұштастыра отырып, конфессиялық сәйкестікті сақтауға күш салады. Сонымен қатар, мақалада 2011 жылғы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңынан кейінгі миссионерлік белсенділіктің төмендеуі, тіркеу рәсімдерінің күрделенуі және конфессияаралық қатынастарға әсері жан-жақты зерделенеді. Қазақстандағы баптистік қауымдардың қазіргі ахуалы Қырғызстан және Өзбекстандағы ұқсас діни құрылымдармен салыстырылып, аймақтық деңгейдегі ортақ үрдістер мен құқықтық айырмашылықтар ашып көрсетіледі. Зерттеу нәтижелері конфессиялық өзгерістерге, діни саясатқа және әлеуметтік интеграция үдерісіне ықпал ететін факторларды түсінуге мүмкіндік береді. Мақала дін социологиясы, мәдениетаралық коммуникация және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы зерттеулер үшін теориялық және қолданбалы тұрғыда маңызды.


