Аңдатпа
Мақалада ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақ даласының діни-ағартушылық тарихында орын алған діни қайраткерлердің бірі – Ерімбет Аймырзаұлының өмірі мен рухани қызметі ғылыми тұрғыда зерделенеді. Оның медреседе білім алуы, ұстаздық қызметі және ислам ғылымдарын үйретудегі тәсілдерін тарихи дереккөздер мен ауызша мәліметтер негізінде сипаттайды.
Зерттеудің маңызды бағыты ретінде Ерімбет Аймырзаұлының жеке кітап қорының құрамы қарастырылады. Араб, парсы және шағатай тілдерінде жазылған бұл кітаптар шариғат, хадис, тәпсір, ақида, фиқһ және сопылық тақырыптарды қамтиды. Бұл кітаптар, құнды еңбектер оның жан-жақты діни білімі мен исламдық интеллектуалды дәстүрге терең бойлағандығын көрсетеді. Кітаптар арасынан Османлы, Бұхар, Қазан баспаханаларында шыққан классикалық еңбектер де кездеседі. Жеке кітап қоры – тек молданың таным көкжиегін емес, сол кезеңдегі қазақ даласындағы діни оқырман ортасының сипатын да айқындайтын маңызды мәдени-рухани дерек көзі ретінде ұсынылады.
Бұған қоса мақалада кеңестік кезеңдегі діни репрессиялар аясында Ерімбет Аймырзаұлы тұлғасын тануға бағытталған тарихи жағдаяаттар да назардан тыс қалмайды. Зерттеу жұмысы дін қайраткерінің қоғамдағы тарихи маңызы мен рухани мұрасын ғылыми тұрғыда пайымдауға бағытталған.


